Сұлтанов Ғалым Тәшімбайұлы, 1902 жылы 15 тамызда Павлодар облысы Ақсу ауданының №2 аулында туған.
1930 жылы Ташкент қаласындағы Ортаазия мемлекеттік университетінің медицина факультетін бітірген. 1930-1932 жылдары Ташкент және Ленинград қалаларында ординатураны аяқтап, аспирантурада оқыған.
1932-1938 жылдары - қалалық амбулатория дәрігері, Павлодар қаласы балалар ауруханасының меңгерушісі.
1938-1940 жылдары Қазақстан денсаулық сақтау халықтық комитеті аппаратында қызмет етті, кейіннен РОК ауруханасының терапевт-дәрігері, Алматы қаласы №1 ауруханасының терапевті.
1940-1946 жылдары Қызыл Әскер қатарында қызмет етті, Ұлы Отан соғысына қатысты.
1946-1950 жылдары Павлодар облыстық ауруханасы терапевтік бөлімінің меңгерушісі.
1950 жылдың маусымынан зейнеткерлікке шыққанға дейін Павлодар облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бас терапевті болып еңбек етті.
Ғ. Сұлтанов Павлодар облысында терапевтік қызметті ұйымдастырушы болып табылады.
Облыстың денсаулық сақтау саласына қосқан қомақты үлесі үшін Ғалым Сұлтанов Ленин орденімен (1961 жылы), Октябрь революциясы (1971 жылы), Құрмет белгісі ордендерімен (1957 жылы) және бірнеше медальдармен марапатталды.
1956 жылы Ғ. Сұлтановқа Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері құрметті атағы берілді.
1982 жылы қайтыс болды.
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 18 маусымдағы №511 қаулысымен Павлодар облыстық ауруханасына Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген дәрігері Ғалым Сұлтановтың есімі берілді.